Астана мен Шығыс Қазақстан облысында қатты аяздан сабақ тоқтатылды

Қарағанды облысындағы ұйытқыған жел (Көрнекі сурет).

Астанада аяздың күшеюінен 18 қарашада бірінші ауысымда оқитын бастаушы сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды.

Өскемен, Семей, Зырян, Риддер қалаларында да қатты аяздан мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттеріне де сабақ тоқтатылды.

Синоптиктердің ақпаратына қарағанда, Қазақстанның барлық территориясында аяз күшейді. 19-20 қарашада температура төмендеп, боран және қалың қар түсуетініне байланысты бірқатар облыста ескерту жарияланды.

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, Алматы облысында бүгін бұрқасын мен жолдың нашар көрінуінен Сарыөзек - Көктал жолында жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Қарағанды облысында қатты аяз салдарынан Алматы - Екатеринбург жолында (641-1007 километрі аралығы) және Қызылорда - Павлодар жолында (974-1066 километрі аралығы) жолаушы автобустарының жүруіне шектеу енгізілді.