Қазақстан бас прокуратурасына жыл сайын тергеу барысына қатысты жүз мыңнан астам шағым түседі деп хабарлады бүгін парламентте өткен қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару заңнамаларын модернизациялау туралы тыңдауда бас прокурор Жақып Асанов.
Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы - жаңа қылмыстық-процессуалдық кодекс күшіне енген соң тергеу органдары істі заңнамада бекітілген мерзімнен бұрынғы кодекс кезіндегіден бір жарым есеге шұғыл тергеген.
- Адвокаттарға материалдар жинап, сараптамалар жүргізуге, жауап алуға құқық берілді. Мұның барлығы іс материалдарына қосылуы тиіс болатын. Бірақ тергеушілер оларды қабылдаудан бас тартады, ал адвокаттар судьяларға баруға мәжбүр болып жатыр. Осының барлығы жаңа қылмыстық-процессуалдық кодексте нақты белгіленбенгендіктен әуре-сарсаң туындап отыр, - деді Жақып Асанов.
Ол бұған қоса жаңа кодекс қабылданған соң азаматтық және қылмыстық істердің арасындағы ара жігі жоғалғанын, ал алаяқтыққа қатысты әр үшінші іс азаматтық дау болып шыққанын айтты.
- Қылмыстық іс мойынға қарыз іліп жіберу құралы сияқты. Шаруашылық дауларын қылмыстан ажыратып алу керек. Экономикалық тергеу қызметіміз төрт ай бұрын тоғыз мың істі қарады. Тексеріп едік, жартысы заңсыз ашылған болып шықты. Ал әрбір қылмыстық іс - ол бизнесті үш ай бойы қысымға алу деген сөз, - деді бас прокурор.
Жақып Асанов қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізу қажетін айтты.