Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский елде ешқандай цензура жоқ екендігін сеніммен айтады.
ТВЦ телеарнасынан көрсетілген «Право знать» бағдарламасында Мединский цензура жайлы айтылып жүрген әңгімелердің астарында «мүлде басқа жайттар» жатыр деп мәлімдеді. «Біреу қаржыдан тарығып жүр, өзге біреуін шығармашылығына, ал тағы біреуді – отбасына қатысты проблема мазалап жүр» деген министрдің сөзін келтірген ТАСС агенттігі. Мединскийдің сөзінше, ол басқаратын министрлік «құрметті театр қайраткерлеріне өмірде жоқ нәрсені айтуға» тыйым сала алмайды.
Цензура жайлы пікірталасқа қазанның 24-і күні театр қайраткерлері съезінде мәскеулік «Сатирикон» театрының жетекшісі Константин Райкиннің әртүрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан өнерге қысым жасау жиілеп кеткені туралы айтқан мәлімдемесі түрткі болған еді.
Райкиннің сөзін көптеген өнер қайраткерлері, солардың арасында кинорежиссер Андрей Звягинцев, «Гоголь-центр» театр орталығының көркемдік жетекшісі Кирилл Серебренников, Ұлттар театрының көркемдік жетекшісі әрі актер Евгений Миронов және басқалар қолдаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков цензураға жол берілмейтінін қуаттап, сонымен бірге мемлекет бюджет қаржысы есебінен қандай да бір тақырып бойынша өнер туындысына тапсырыс беруге құқылы деп мәлімдеген.