"Бәйтерек DEVELOPMENT" менеджерлері қамауға алынды

Көрнекі сурет.

Коррупцияға қарсы күрес ұлттық бюросының хабарлауынша, "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің еншілес "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов, атқарушы директоры Ғазиза Сариева, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің жетекшісі Бауыржан Айтымбетов және және бұрынғы атқарушы директор Анарбайдың қамауға алынғанын хабарлады. Қамауға алу туралы шешімді Астанадағы Алматы аудандық соты шығарған.

Топ-менеджерлер "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы қызметін сатып алуда құрылыс компаниясының мүддесін қорғағаны үшін пара алған деген күдікпен 18 қарашада ұсталған.

Пара алды деп айыпталған Асылан Жақыпов - Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі және бұрынғы мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың ұлы. Қабиболла Жақыпов мәжіліс спикері қызметін 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың наурызына дейін атқарған.

Ұлттық бюроның хабарлауынша, Бауыржан Айтымбетов құрылыс компаниясының өкілінен ақшаны алып, одан ары Асылан Жақыпов пен Ғазиза Сариеваға береді. Соңғы екеуі келісім шарттар мен орындалған жұмыстар туралы актіге және төлем жасауға қол қояды. 13 заңды тұлға қатысқан қитұрқылық әрекеттер Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалаларындағы құрылыстарда болған. Бюро ақпаратына қарағанда, Жақыпов пен Сариев және Айтымбетов 17 қарашада "288 миллион теңге көлеміндегі кезекті параны алғаны үшін" ұсталған. Тергеушілер бұл қаржы жеке құрылыс компаниясына Павлодарда тұрғын үй салу келісімін жасаған кезде қамқорлық танытқаны үшін берілген дейді.

Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.