"Жалған терроризм" айыбымен сотталған мұғалімнің аппелациялық шағымы қаралып жатыр

"Жалған терроризм" айыбы тағылған мұғалім Юрий Пак сот залында тұр.

Қарағанды облыстық аппеляциялық соты физика пәнінің мұғалімі Юрий Пактың аппеляциялық шағымын қарауды бастады. Екі жылға сотталған Пактың адвокаты Сергей Ким өзінің аппеляциялық шағымында көптеген сараптамаларға күдік келтіріп, заттай дәлелдердің жоқтығын келтірген.

Адвокаттың айтуынша, "істе айыпталушы мен диспетчердің арасындағы телефон әңгімесінің аудиосы жоқ, сондықтан экспертиза қорытындысы заңсыз".

Бүгін аппеляциялық сот адвокаттың "Қазақтелеком" қызметкерін куәгер ретінде шақыру және Қазақстан корейлер ассоциациясының Юрий Пакке берген мінездемесін материалға қосу ұсынысын қанағаттандырды.

Судья қос тарапты тыңдаған соң сотта үзіліс жариялады. Түстен кейін сотта "Қазақтелеком" компаниясының маманы куәгер ретінде жауап береді.

3 қазанда Қарағанды соты жергілікті мектеп оқытушысы Юрий Пакті "терроризм актісі туралы жалған ақпар берді" деген айыппен екі жылға соттаған. Тергеу ұйғарымынша, Юрий Пак 2015 жылы полицияға телефон соғып, Орталық әмбебап дүкенге бомба қоймақ ниетін хабарлаған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, сол күні ғимараттан 3 мың адам эвакуацияланған.

Юрий Пак тергеу басталғалы бері және сотта мектептегі кабинетте аз уақытқа қалып қойған сөмкесіндегі телефонын әлдебіреу «бұзып», қашықтан қоңырау шалған болуы мүмкін деп, айыпты терістеп келген. Оның бұл ұйғарымын куәгерлер де растап, мұғалімнің ол уақытта кабинетте жұмыс орнында болғанын айтқан. Ал сотта жарияланған аудиожазбада қоңырау шалған ер адам, ар жақтан естілген шуға қарағанда, көшеде тұрып сөйлескен болуы мүмкін.

Юрий Пактің сотталуына жақтастары, оқушылары мен олардың ата-аналары қарсылық білдіріп, қоғамның назары ауды. Мұғалімнің жақтастары мұғалімнің ісін қайта қарауды сұрап, интернетте петиция жариялаған. Петицияға 5 мыңнан астам адам қол қойды.

Ал Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бас прокурор Жақып Асановтан қарағандылық физика пәнінің мұғалімі Юрий Пактің ісі бойынша фактілер мен дәлелдерді қайта тексертуді сұраған.