Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қыздарының бірі Рухшона Рахмонова Тәжікстан сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдар басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған. Бұл туралы хабарлаған Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөзінің айтуынша, Рухшона Рахмонова жаңа қызметке осыдан бірнеше күн бұрын тағайындалған.
Рухшона Рахмонова жайлы деректер аз - Тәжікстан президенті отбасындағы көп баланың үшіншісі, тұрмыс құрған, бұған дейін Тәжікстанның Лондондағы елшілігінде істеген.
Мемлекет басшысының тағы бір қызы Озода Рахмон елдің сыртқы істер министрлігінде жауапты қызмет атқарған. Ол Тәжікстан президенті атқару аппаратының жетекшісі болып тағайындалғанға дейін елдің сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жеті қызы – Фируза, Озода, Рухшона, Тахмина, Парвина, Заррина, Фарзона және екі ұлы – Рустам мен Сомон бар.
Президенттің үлкен ұлы Рустами Эмомали мемлекеттік қаржы бақылау және коррупцияға қарсы күрес жөніндегі агенттік жетекшісі қызметінде.
Эмомали Рахмонның балдызы Хасан Асадуллозода елдегі ірі банк - «Ориёнбанк» басшысы болса, Озода Рахмонның күйеуі Джамолиддин Нуралиев Тәжікстан ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып істейді.