Түркия: Сирияда ИМ тобы химиялық қару қолданған

Химиялық қару бөлшегі. (Көрнекі сурет.)

Түркия әскерилері «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы сириялық көтерілісшілерге қарсы химиялық қару қолданған деп күдіктенеді. Бұл туралы түркиялық Anadolu ақпарат агенттігі хабарлады.

Анкараның ақпараты бойынша, Сирияның солтүстігіндегі Халилийе ауданында жасалған шабуылдан соң Түркияға емдеуге жеткізілген 22 көтерілісшіден химиялық заттардан улану белгілері анықталған.

Тамыз айында Түркия Сирияның шекара аймағын исламшылдардан тазарту мақсатында «Евфрат қалқаны» әскери операциясын бастаған. Оған сириялық оппозицияның қарулы жасағы да қатысып жатыр.

Сирияда азаматтық соғыс басталғалы бері жанжалға қатысушы тараптар химиялық қару қолданды деп бұған дейін бірнеше рет бір-бірін айыптаған. Сириядағы химиялық шабуылдарға зерттеу жүргізген БҰҰ қауіпсіздік кеңесі жанындағы комиссия 2016 жылы күзде президент Башар Асад күштері үш рет және «Ислам мемлекеті» тобының бір рет химиялық қару қолданғаны анықталғаны туралы мәлімдеген.