"Бәйтерек Development" компаниясының экс-басшысы қамалды

Көрнекі сурет.

"Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің еншілес "Бәйтерек Development" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев қамалды деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Астананың Алматы аудандық №2 соты 30 қарашада Бақыт Жақсыбаевты "аса ірі көлемде пара алу" ісіне қатысты күдікпен қамауға алу туралы санкция берген. Жақсыбаев "Бәйтерек Development" компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша тергеу барысында ұсталған. Тергеу мәліметінше, Жақсыбаев бұл қылмысқа қатысушылардың барлығының қызметіне басшылық етіп, олардың арасында әрқайсысының рөлі мен алатын парасын бөліп отырған.

Бақыт Жақсыбаев қазір ұлттық экономика министрлігінің "Қазақстанның тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамыту орталығы" компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарады.

Коррупцияға қарсы күрес ұлттық бюросы қарашаның ортасында "Бәйтерек DEVELOPMENT" компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов, атқарушы директоры Ғазиза Сариева, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің жетекшісі Бауыржан Айтымбетов және бұрынғы атқарушы директор Анарбайдың қамауға алынғанын хабарлаған. Топ-менеджерлер "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы қызметін сатып алуда құрылыс компаниясының мүддесін қорғағаны үшін пара алған деген күдікпен 18 қарашада ұсталған.