АҚШ елшілігі Боқаев пен Аянның үкіміне алаңдады

Ортада - сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы елде биыл көктемде өткен митингілерге байланысты Макс Боқаев пен Талғат Аянды 5 жылға соттаған үкімге алаңдайтынын мәлімдеді.

"АҚШ Қазақстан Республикасының заңдары мен институттарының құрметтей отырып, айтылып отырған істерді Қазақстан Республикасының заңдары мен конституциясының жоғары стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін қазақстандық азаматтардың өз пікірлерін еркін және бейбіт түрде білдірулерін азаматтық және заңды құқықтарын сақтайтын, азаматтарға еркін және әділ үкім шығарылуына кепілдік беру мақсатында осы істер бойынша Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдарын құқықтық процесті қайта қарауды шақырады" делінген елшілік сайтындағы мәлімдемеде.

АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы "бейбіт жиналулар мен өздерінің саяси пікірлерін білдірудегі бостандықтар аясында азаматтарының мүдделері мен толғандыратын мәселелеріне жауапкершілікпен қарау – тұрақты, ашық және динамикалық қоғамның негізі" деп біледі.

Кеше Human Rights Watch халықаралық ұйымы да Қазақстан билігін Макс Боқаев пен Талғат Аянды босатуға шақырған.

Атырау соты 28 қарашада Макс Боқаев пен Талғат Аянды "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттаған. Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кескен. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс.

Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Белсенділердің адвокаты Жанаргүл Боқаева сот үкіміне шағымданатындарын айтты.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған. Кейін ҰҚК "жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов қаржыландырды" деп мәлімдеген. "Билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Тоқтар Төлешов Атыраудағы қазанның 12-сі күні басталған сот процесінде "Талғат Аянға ақша беріп жібергенін" баяндаған.