Иоган Меркель: Рақымшылыққа 30 мыңға тарта адам ілігеді

Қазақстандағы түрмелердің бірі (Көрнекі сурет).

Қазақстанда рақымшылыққа тергеуде жүрген, сотталып жатқан, пробациядағы шамамен 30 мыңға тарта адам ілігеді деп хабарлады бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Меркель бұл жөнінде мәжілісте рақымшылық жасау туралы заң жобасын таныстырудан соң журналистер сұрақтарына жауабында айтты.

Меркельдің сөзінше, қазір Қазақстанда тергеу абақтысында отырғандарды қоса есептегенде барлығы 36 мың адам қамауда отыр. Рақымшылыққа ілінетіндердің 1800-ге жуығы қамаудан босатылады.

Рақымшылық туралы заң жобасын 29 қарашада парламентке президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. "Қазақстан Республикасының 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасында негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау ұсынылған.

Басқа категориядағы адамдарға рақымшылық жасаған қылмысының ауырлығына байланысты шектеулі түрде және келтірген шығынын толық өтеген жағдайда ғана жасау қарастырылған. Құжат жобасында аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау қарастырылмаған.