Оралдық құқық қорғаушы жасырын патрульдің заңға қайшы екенін айтады

Адам құқығын қорғаушы Павел Кочетков.

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасына жазбаша үндеуінде құқық қорғаушы Павел Кочетков айырым белгісі жоқ көлікті пайдаланып патруль қызметін атқару туралы жаңа тәртіптің енгізілуі «бәзбір адамдарға қатысты жедел-іздестіру шараларын санкция алмай жүргізу» болып табылады деп мәлімдеген.

Азаттыққа түсініктемесінде Қазақстан адам құқығы бюросының жергілікті өкілдігінің жетекшісі Павел Кочетков «тергеу мақсатындағы жасырын іс-шаралар прокурордың санкциясы бойынша жүргізіледі» деп көрсетілген қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларына сүйенгенін айтады.

Бұған дейін, қарашаның 15-і күні Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің подполковнигі Виталий Гаршин брифинг кезінде полиция патрулі айырым белгісі жоқ көліктерді пайдаланып жол жүру ережесін бұзғандарды анықтап қана қоймай, оған қоса қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады деп мәлімдеген. Гаршиннің сөзінше, Орал қаласында әлгіндей екі жасырын патруль қызмет атқарады. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, жасырын патруль бір күнде 300-ден аса құқық бұзушылықты анықтайды.