Италияда конституциялық реформа туралы референдум өтіп жатыр

Сайлаушыларды референдумде үкімет ұсынысына қарсы дауыс беруге шақырған жазулар ілінген жерден өтіп бара жатқан әйел. Рим, 30 қараша 2016 жыл.

Италияда бүгін конституциялық реформаға қатысты референдум өтіп жатыр. Батыс агенттіктері бұл дауыс беру шарасы елдегі «антиеуропалық» көзқарас деңгейін анықтауға мүмкіндік береді деп жазады. Сайлаушылар еуропалық ынтымақтастықты жақтайтын Италия премьер-министрі Маттео Ренцидің экономикалық реформаларды батыл жүргізуіне мүмкіндік беру үшін үкімет басшысының құзіретін кеңейту ұсынысына өз шешімін білдіруі тиіс.

Еуропа Одағын сынайтын саяси күштер сайлаушыларды референдумге шығарылған ұсынысқа қарсы дауыс беруге шақырып отыр. Олар Ренциді биліктен кетіріп, Италияны еуро аймағынан, тіпті Еуропа Одағы құрамынан біржола шығаруға жол ашуды көздейді. Егер олар осы жолы жеңіске жететін болса Италиядағы ЕО-ға қарсы және Ресей президенті Владимир Путинге бүйрегі бұратын екі популистік топ - Беппе Грилоның «Бес жұлдыз қозғалысы» мен Маттео Сальвинидің Lega Nord (Солтүстік Лига) партиясы күш алмақ.

Бұған дейін Ренци егер сайлаушылар парламент сенатының ықпалын азайтып, аймақтық биліктің кейбір өкілеттіктерін орталық үкіметке беруді ұсынған жоспарына қарсылық танытса, премьерліктен отставкаға кетуге уәде берген. Сыншылар мұндай реформа тепе-теңдік пен тежегішке негізделген аса маңызды демократиялық тетіктерді әлсіретіп, үкіметті «шамадан тыс күшейтіп» жібереді деп санайды.