Астанада Матаевтардың апелляциялық шағымы қарала бастады

Сейітқазы Матаев (оң жақта) пен Әсет Матаев сотта тұр. Астана, тамыз 2016 жыл.

Астанада бүгін Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, "ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевтың сот үкіміне апелляциялық шағымы қарала бастады.

Астана қалалық сотында өтіп жатқан сот процесін апелляциялық сот алқасының судьясы Алма Есімова жүргізіп жатыр. Сотта әуелі Матаевтардың адвокаттарына Мадина Бакиева мен Андрей Петровқа сөз берілді. Олар Матаевтардың айыбы жоғын айтып, оған түрлі уәж бен дәлел келтіріп жатыр. Апелляциялық сотқа Матаевтардың өздері қатысып отырған жоқ. Сотқа Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың туыстары келген.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.