Матаевтардың апелляциялық сотында үзіліс жарияланды

Сейітқазы Матаев (оң жақта) пен адвокаты Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевтың адвокаттары апелляциялық сот отырысында бірнеше талап-арыз білдірді. Адвокаттар Андрей Петров пен Мадина Бакиева сот тергеуін қайта бастауды, куәгерлерден қайтадан жауап алуды, сот материалдарынан бірнеше сараптаманың қорытындысын шығарып, оларды дәлел бола алмайды деп тануды сұрады. Адвокаттар алғашқы сот инстанциясында іс жан-жақты және толық қаралмағанын, сот процессуалдық тұрғыдан өрескел қателіктер жіберді деп санайтындарын мәлімдеді. Матаевтардың адвокаттары дүние-мүлікті тәркілеу туралы сот шешімімен келіспейтінін, үкімде аталған жылжымайтын мүліктердің кейбірі Сейітқазы Матаевтың жұбайы Баян Рамазанованың меншігінде екенін айтты.

Апелляциялық шағым қаралып жатқан сотқа қамаудағы Матаевтар қатыстырылған жоқ. Сотта олардың мүддесін адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары қорғап жатыр.

Айыптаушы прокуратура өкілдері бүгін соттан адвокаттардың талап-арыздарын қанағаттандырмауды сұрады. Прокурорлар алғашқы сот инстанциясында іске қатысты барлық дәлел-айғақтардың дұрыстығы зерттелгенін, Матаевтарға шыққан үкімнің заңды екенін айтты.

Апелляциялық алқа судьялары Сейітқазы мен Әсет Матаевтардың шағымы бойынша шешім бүгін түстен кейін сағат шамамен 16-ға белгіленгенін хабарлап, кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.