СҚО: Сот "Ресейге қосылуды жақтаған" адамға үкім шығарды

Айыпталушы Игорь Чуприна сотта отыр. Петропавл, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Петропавл қаласында сот Солтүстік Қазақстан облысының тұрғынын "әлеуметтік желілерде ұлтаралық алауыздықты өршітті және Ресейге қосылуға шақырды" деген айыппен бес жарым жылға соттады деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының хабарлауынша, Қызылжар ауданы Соколовка ауылының тұрғыны Игорь Чуприна "Қазақстан республикасының егемендігі мен тұтастығын, оның территориясының қол сұғылмаушылығы мен иеліктен шықпауын бұзуды, мемлекетті бөлшектеуді насихаттау" және "Ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып ұлттық алауыздықты өршітуге бағытталған қасақана әрекет жасау" баптары бойынша айыпты деп танылған.

Тергеу материалдары бойынша, Чуприна 2014 жылдың 1 қыркүйегі мен 2015 жылдың 20 мамыры аралығында "ВКонтакте" желісіндегі парақшасында желі қолданушыларымен байланыста "қолданушылардың теріс реакциясы мен әлеуметтік шиеленіс тудыратын" және "ұлттық төзімсіздік белгілері бар" комментарийлер жариялаған.

Үкім әзірге заңды күшіне енбеген.

Сот диалогқа қатысқан өзге қолданушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.