Мәжіліс рақымшылық жариялауды мақұлдады

Парламент мәжілісінің отырысы, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент мәжілісінің депутаттары бүгін тұтқындарға рақымшылық жасау туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. "Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасы парламентке өткен аптада, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысынан соң түскен.

Заң жобасында негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау ұсынылған.

Басқа категориядағы адамдарға рақымшылық жасаған қылмысының ауырлығына байланысты шектеулі түрде және келтірген шығынын толық өтеген жағдайда ғана жасау қарастырылған. Құжат жобасында аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық таныту қарастырылмаған.

Өткен аптада бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Қазақстанда "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру" және "жалған терроризм" айыптарымен сотталғандар рақымшылыққа іліге алмайтынын мәлімдеген. Ол рақымшылыққа тергеуде жүрген, сотталып жатқан, пробациядағы шамамен 30 мыңға тарта адам ілігетінін, олардың 1800-ге жуығы қамаудан босатылатынын хабарлаған.

Бүгін парламентте бас прокурор Жақып Асанов рақымшылыққа 28 мың тұтқын ілігетінін, олардың бір жарым мыңдайы ғана қамаудан босатылатынын айтты. Асановтың сөзінше, қалғандарының жаза мерзңмі азайтылады немесе бас бостандығынан айыру жазасы жазаның басқа түрімен ауыстырылады.