Парламент терроризмге қарсы заңға түзетулерді мақұлдады

Парламент отырысы, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент сенаты бүгін экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдарға түзетулер мен толықтырулар туралы заң жобасын екі оқылымда бірден мақұлдады. Заң жобасы осымен парламенттің мақұлдауынан өтіп, президенттің қол қоюына жөнелтілді.

Құжатта қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттары бар нысандарды күзететін ұйымдарға ерекше талаптар қойылып, күзет қызметіне алынатын адамдарға қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған. Заң жобасы мақұлданса, экстремизм және терроризм айыбымен сотталғандардың мүлкі тәркіленбек.

Бұған дейін заң жобасын парламентте таныстырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Колкобаев экстремизм және терроризммен күрес шараларын күшейтуге байланысты 19 заң мен 5 кодекске өзгерістер мен түзетулер енгізілетінін хабарлаған.

Колкобаевтың айтуына қарағанда, заң жобасында "Байланыс туралы", "Күзет қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық гвардиясы туралы" және басқа да заңдарға, қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу қаралған. Колкобаев сонымен бірге "Байланыс туралы" заңға құзырлы органдарға антитеррорлық операцияларды жүргізу кезінде байланыс қызметін уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, байланыс қызметі бас прокуратураға ескерту арқылы уақытша тоқтатылады.

ЕҚЫҰ өкілдері заң жобасын сараптаған соң оны жасағандарды "терроризмді насихаттау", "терроризм актісіне дайындалу" сияқты ұғымдарға нақтырақ түсінік беруге және құжатта бірнеше мағынада түсінілетін анықтамаларды алып тастауға шақырған.