Румыния азаматтары бүгін парламент сайлауына дауыс беріп жатыр. Сайлауға елдегі 11 партия мен қозғалыс қатысып отыр. Екі палатадан тұратын ұлттық парламент депутаттары төрт жыл мерзімге сайланады.
Бұл жолғы сайлаудағы негізгі бәсеке өткен сайлауда жеңіске жеткен социал-демократиялық партия мен президентшіл ұлттық-либералдық партия арасында өтіп жатыр.
Сарапшылар қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйеніп, бұл сайлауда социал-демократтар жеңіске жетуі ықтимал деген болжам айтып отыр.
Қазір билікте отырған технократтық үкімет былтыр күзде премьер-министр Виктор Понта басқаратын кабинет отставкаға кеткен соң құрылған болатын. 2015 жылғы қарашада Бухаресте түнгі клубта 64 адамның қазасына себеп болған өрт оқиғасына байланысты жаппай наразылық нәтижесінде Виктор Понта қызметінен кетуге мәжбүр болған.
Бұдан он жыл бұрын Еуропа Одағы құрамына енген Румыния одақ құрамындағы ең кедей елдердің біріне жатады.