Сирия әскері ИМ экстремистерін Пальмираның шетіне ығыстырған

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы талқандаған Пальмирадағы ежелгі тарихи ескерткіш орнында тұрған ресейлік сарбаз 5 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сирияда үкімет армиясы ежелгі Пальмира қаласында «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы күштерін қала шетіне ығыстырып тастады деп хабарлады сириялық адам құқығының сақталуын бақылайтын орталық.

Ресей қорғаныс министрлігі операция барысында жихадшылар тобының 300-ден астам мүшесінің көзі жойылды деп мәлімдеген. Өткен түні ресейлік әскери ұшақтар исламшылдар позицияларына 64 рет соққы берген деп хабарлайды министрлік.

Пальмираға ИМ тобы күштері жаңа шабуылға бастағаны туралы ақпарат желтоқсанның 8-інен бастап тараған. Биыл наурызда ресейлік әскери ұшақтардың қолдауымен үкімет әскері «Ислам мемлекеті» тобы содырларынан Пальмираны азат еткен болатын. Оған дейін қаланы тоғыз ай бойы қолында ұстаған кезде ИМ содырлары ондағы әлемдік ежелгі тарихтың аса құнды көптеген ескерткіштерін талқандап, жойған.