Астанада бүгін БҰҰ-ның балалар қоры (ЮНИСЕФ) пен Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі бірге жүргізген тұрмыста балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен әділ сот саласындағы зерттеуінің қорытындысымен таныстырды.
Зерттеу Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары мен Алматы және Астана қалаларында жүргізілген. Зерттеуде 18-65 жас аралығындағы тұрғындардан, балаларды қорғау және әділ сот бойынша мамандардан, мектеп оқушылары мен балалар үйлері мен мектеп-интернаттардағы балалардан сауалнама алынған.
Зерттеуді таныстырған ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы Робин Хаардың айтуынша, зерттеуге қатысқан мектеп оқушыларының (1829 бала) 61,8 пайызы отбасында бір немесе одан көп рет зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан ересек, балалар құқығы жөніндегі мамандар, мектеп оқушыларының көпшілігі отбасында балалардың құқығын қорғау қажет деп санайтынын білдірген.
Сауалнамаға 2400 ересек тұрғын, 1829 мектеп оқушысы, балалар құқығы жөніндегі 89 маман, 76 балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, 31 БАҚ өкілдері қатысқан.