Алматыда бүгін атыраулық белсенділер, "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деген айыптармен сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аян сырттай "Халық батыры" атағымен марапатталды. Марапаттау салтанаты Қазақстандық халықаралық адам құқығын қорғау бюросының кеңсесінде өтті.
Сыйлық Макс Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаеваға және Талғат Аянның анасы Ұлдай Айназароваға табысталды. Марапаттау кезінде жазушы Қабдеш Жұмаділов Боқаев пен Аянның сыйлығын олардың туыстарына тапсырып, түрмеде жатқан оларға өз атынан кітап сыйлады.
Марапаттау салтанатына құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Әсел Нұрғазиева, саясаткер Әміржан Қосанов, журналистер қатысты.
Боқаев пен Аянды марапаттауды ұйымдастырып жүрген белсенді Жанболат Мамай бұған дейін марапаттау шарасын өткізуге келіскен орындарға қысым жасалып, зал табудың қиындап тұрғанын айтқан.