Бішкек Әблязовтің "қырғыз төңкерісін қаржыландыруын" тексермек

Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (сол жақта) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) қазақстандық қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовтің "2005 жылы Қырғызстандағы төңкерісті қаржыландырдым" деген мәлімдемесін тексеруді тапсырды.

Қазақстандық "БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов бұған дейін Францияның Liberation газетіне берген сұхбатында Қырғызстанда 2005 жылы болған "қызғалдақ төңкерісін" қаржыландырғанын мойындаған.

"2005 жылдың басында мен Қырғызстан режимінің құлауына септесу үшін ондағы оппозицияны қаржыландырдым. Бұл мен үшін маңызды болды, себебі постсоветтік елдердің бірінде демократиялық процесс басталды және одан соң оң реформалар жүргізіле бастады" деген Әблязов.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялады. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

Кеше Қазақстан бас прокуратурасы Мұхтар Әблязов пен оның серіктерін қудалауды жалғастыра беретінін мәлімдеген.