Алматыда Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілері Тәуелсіздік монументіне гүл қойып жатыр. Алматы, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Бүгін Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл қою рәсімі өтті. Қала әкімі Бауыржан Бәйбек пен бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері және жастар қатысқан шара кезінде ешкім сөйлеген жоқ. Мемлекеттік әнұран айтылыып, шара радиоэлектроника және байланыс әскери институты курсанттарының маршмен аяқталды.

Жиналған топ ішінен өзін 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысушы Ақкүміс Ықыласовамын деп таныстырған бір әйел әкімнің қолына бірнеше парақ ұстатты. Азаттыққа Ақкүміс Ықыласова екі баласымен бірге 12 шаршы метр баспанада тұрып жатқанын айтып, жәрдем сұраған өтінішін әкімге жеткізгенін айтты.

- Әкімге осыған дейін 12 рет хат жазып, қабылдауын сұрап едім. Бірақ әлі күнге дейін кезегім келмеген соң хат тапсырдым, - деді ол.

Шенеуніктерден соң тәуелсіздік ескерткішіне оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілері келіп, гүл қойды. Партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай 2011 жылғы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілі кезінде полиция оғынан көп адам мерт болған қайғылы оқиғаны еске алды.

- Осы өткен қайғы-қасіреттер мен қателіктерден тиісті қорытынды шығаратын, соған байланысты тиісті шешімдер қабылданатын кез келді деп ойлаймын, - деді Тұяқбай.

Гүл қою шарасы өтіп жатқан кезде монумент алдына келген бір топ адам ел тәуелсіздігі жолында құрбан болғандарға құран бағыштады.

Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қою:

Your browser doesn’t support HTML5

Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қою