Баспасөзді қорғау жөніндегі халықаралық ұйым 2016 жылы кәсіби міндетін атқарып жүріп қаза тапқан журналистердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайған, бірақ әскери жанжал аймағында мерт болған журналистер саны өскен деп хабарлады.
Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) желтоқсанның 19-ы күні жариялаған баяндамада жанжал аймағында тілші және фотожурналист болып жұмыс істеу аса қауіпті бола бастағаны туралы айтылған.
CPJ шайқас кезінде немесе тұс-тұстан жауған оқ астында қалып қаза болған журналистер саны 2013 жылдан бергі кезеңде биыл ең көп тіркелгенін айтады. Бұл мәліметтерде Таяу Шығыстағы аухалд да ескерілген. Зерттеуде 2016 жылғы қаңтардың 1-інен желтоқсанның 15-іне дейінгі кезеңде кәсіби міндетін атқару кезінде 48 журналистің қаза тапқаны (2015 жылы – 72 журналист) жазылған. Бірақ, бұған қоса әлем бойынша мерт болған тағы 27 журналистің қазасы тексеріліп жатыр деп хабарлады CPJ. Тексеру журналистер қазасының олардың кәсіби міндетін атқаруға қатысы бар-жоғын анықтауы тиіс.
CPJ атқарушы директоры Джоэл Саймон 2016 жылы қаза тапқан журналистер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайғаны туралы ақпаратты біршама жақсы жаңалық деп атаған.