Берлиндегі жаңа жыл базарына жүк көлігі соғылды

Берлин орталығындағы шабуыл орнында тұрған жүк көлігі. 19 желтоқсан 2016 жыл.

Берлин полициясы бір жүк көлігінің қаладағы жаңа жыл базарының біріне барып соғылып, кем дегенде тоғыз адамды жаншып өлтіргенін хабарлады.

Полиция Twitter парақшасында жариялаған мәліметке сәйкес 19 желтоқсан кешкісін болған шабуыл кезінде көптеген адам жараланған. Шабуыл Берлиннің батыс бөлігіндегі Kaiser Wilhelm шіркеуінің маңындағы базарға жасалған.

Полиция бір адамның қамауға алынғанын хабарлады, бірақ одан өзге мәлімет бермеді. Ресми өкіл N24 телеарнасына берген сұхбатында жүргізушінің қасындағы адам жүк көлігі соғылған кезде қаза тапты деген.

Әзірге бұл әрекеттің я кездейсоқ апат екені, я қасақана жасалған шабуыл екені белгісіз. Кейбір германиялық БАҚ полицияға сілтеме жасап, бұл әрекеттің шабуылға ұқсайтынын хабарлады.