Астанада суретші Жаңаөзен оқиғасын еске алу акциясын өткізді

Суретші Асхат Ахмедьяров (жерде жатыр) Жаңаөзен оқиғасының 5 жылдығына арналған акциясы кезінде. Астана, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Астанада бүгін Бәйтерек монументінің алдында суретші Асхат Ахмедьяров Жаңазен оқиғасының 5 жылдығына арналған еске алу акциясын өткізді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ахмедьяров акциясына Жаңаөзен мұнайшыларының арнайы формасын киіп келді. Ол "Бәйтеректің" алдына жазылған Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл деген жазудың жанына етпетінен, шалқасынан, қырынан, бүктетілген түрде - барлығы сегіз кейіпте жатты. Ол жатқан орындарды белсенді Сәуле Батал көк бояумен сызып отырды.

Ахмедьяров акциясын "Өмір сүру үшін өлу" ("Умереть, чтобы жить") деп атағанын, шарада Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан адамдардың оқ тиіп құлағандағы кейіптерін бейнелеуге тырысқанын айтты.

- Бұл сегіз саны Жаңаөзенде құрбан болғандардың санымен байланысты емес. Акцияны "Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл" деген жазудың жанында жасау себебім - суретші ретінде бұл жерде Жаңаөзенде өлген мұнайшылардың сызбасы жетіспейді деп ойладым, - деді Асхат Ахмедьяров.

Акцияда полиция болған жоқ.

Ресми дерек бойынша, 2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен қаласында және ертеңінде Шетпе кентінде болған полицияның мұнайшылар ереуілі мен халық толқуын басу кезінде 16 адам қаза тапқан. Мұнайшылардың биліктен әлеуметтік құқықтарын сақтауды, әділ түрде еңбекақы төлеуді талап еткен бейбіт наразылығы қанды оқиғамен аяқталған.