Шымкентте бүгін іскер әйелдердің бизнес форумы өтіп, әйелдердің кәсіпкерліктегі орны мен мүмкіндіктері мәселесі талқыланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінің мәжіліс залында ұйымдастырылған форумға шағын және орта бизнесте жүрген екі жүзге тарта кәсіпкер әйел қатысты. Олар бизнес жасаудың жолы, қиындықтары мен мүмкіндіктерін талқылады.
Жиналғандар әуелі кәсіпкер әйелдердің өнімдері қойылған көрмені аралады.
Шымкенттегі іскер әйелдер кеңесінің өкілі Әлия Архабекованың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте жүрген 77 мыңға жуық әйел болса, олардың 56 мыңнан астамы - жеке кәсіпкер.
- Әйелдер әлі де болса кәсіпкерлікпен айналысудың жолдарын біле бермейді. Мемлекет кәсіпкерлікпен айналысуға көп мүмкіндік беріп жатыр. Кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, кәсіпкер әйелдердің көбі маман тапшылығын алға тартады. Бізге тәжірибелі мамандар жетіспейді, - дейді ол.
Әлия Архабекованың сөзін Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров та растайды. Оның сөзінше, облыстағы бизнес саласында маман тапшылығы байқалады. Бар мамандардың өзі басқа облыстарғая, я шетелге кетіп жатыр. Абубакиров кәсіпкерлікті дамыту үшін бірінші кезекте мамандардың тұрғылықты жерінде жұмыс істеуіне жағдай жасау керек дейді.