Иркутскіде "Боярышниктен" уланып қаза тапқандар саны 74-ке жетті

Ваннаға арналған, құрамында этил спирті мен долана бар "Боярышник" концентраты (Көрнекі сурет).

Иркутскіде алкоголі бар косметикалық "Боярышник" сұйықтығынан уланып көз жұмған адам саны 74-ке жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің аймақтық өкілінің хабарлауынша, құрамында улы заты бар сұйықтықтан барлығы 122 адам зардап шеккен, оның 31-і ауруханада жатыр.

Иркутск мэриясы билік құрбандардың отбасыларына жерлеу рәсіміне деп 16 мың рубльден бөлетінін хабарлады.

Иркутскіде ваннаға арналған, құрамында алкоголі бар "Боярышник" концентратын ішіп уланған адамдар ауруханаға өткен аптаның соңында түсе бастаған. Кейін концентрат құрамында адам өліміне әкеліп соқтыратын улы метанол болғаны анықталды. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жалған алкогольді өнімді таратты деген күдікпен 13 адам ұсталды. Олардың екеуі үйқамаққа алынды.

Иркутскіде төтенше жағдай режимі жарияланып, 20 желтоқсаннан бастап құрамында спирті бар азық-түлікке жатпайтын өнімдерді сатуға тыйым салынды. Полицияның мәлімдеуінше, тексеру барысында бір тәулікте ваннаға арналған "Боярышник" концентратының 10 мыңға тарта шөлмегі тәркіленген.

Ресей президенті Владимир Путин кеше үкіметке заңға құрамында спирті бар өнімдерді өндіру мен айналымға шығаруды бақылауды күшейтетін өзгерістер даярлауды тапсырды.

Ресейде кейбір аймақтарда тұрғындар әдетте алкогольді сусындардан арзан, құрамында спирті бар өнімдерді тұтынатынына қарамастан, жалған спиртті өнімдерден улану сирек болады.