АҚШ "Магнитский заңын" қолдану аясын кеңейтті

Сергей Магнитскийдің бейнесі бар төсбелгілер. (Көрнекі сурет.)

АҚШ қабылдаған "Магнитский заңының" күші бұдан былай бүкіл әлем бойынша коррупция мен адам құқығын бұзуға қатысы бар деп танылғандарға қарсы қолданылады. Бұл туралы жұма күні АҚШ президенті Барак Обама қол қойған 2017 жылға арналған қорғаныс саласы бюджеті туралы заңда айтылған.

Жаңа заңға сәйкес, енді АҚШ президенті сотсыз адам өлтіргені, азаптап-қинағаны және адам құқығын өрескел бұзған басқа да іс-әрекеттері үшін жауапкершілік жүктелетін кез-келген шетелдікке қарсы санкция енгізе алады. Шектеу шаралары АҚШ территориясындағы жеке меншік пен банк шоттарына қатысты қолданылады, сонымен бірге санкцияға іліккен шетелдікке АҚШ-қа баруына жол жабылады.

2012 жылы Вашингтон Мәскеудің тергеу абақтысында қаза болған британдық инвестициялық қордың заңгері Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар деген күдікке іліккен ресейлік лауазымды қызметкерлерге қарсы санкция жариялаған. "Магнитский тізіміне" енген адамдарға АҚШ-қа баруына тыйым салынған. Енді мұндай шараларды әлемнің кез-келген елінің азаматына қарсы қолданылуы мүмкін.

Осыған ұқсас заң қабылдау туралы бастамаларды әлемнің өзге елдері де қарастырып жатыр. Мәселен, британ парламентіне енгізілген "Магнитский түзетулері" мен Канададағы "Ғаламдық Магнитский заңы", сондай-ақ Эстония парламенті қабылдаған "Магнитский заңы" бар.