Тунисте террорлық іс-әрекетке күдікті ретінде ұсталған үш адамның арасында Берлинде жаңа жылдық жәрмеңкеге жасалған шабуылға негізгі күдікті саналатын Анис Амридің туысы да бар деп хабарлады Тунис ішкі істер министрі.
AFP хабарлауынша , ұсталғандар Анис Амримен байланысы бар террорлық топтың мүшесі болған деген күдікке іліккен. Амридің туысы онымен шифрлі байланыс арнасы арқылы хабар алмасқанын және "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қолдау білдіргенін мойындаған.
Анис Амридің "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына адал болуға ант бергені жұма күні белгілі болған еді. Интернетте исламшылдар таратқан видеода Амри "әуе шабуылдарынан қаза тапқан мұсылмандар үшін кек алу" жоспары туралы мәлімдеген.
Желтоқсанның 19-ы күні Берлиннің орталығындағы жаңа жылдық жәрмеңкеге баса-көктеп кіріп, адамдарды таптап өткен жүк көлігін Анис Амри басқарған деген болжам бар. Шабуылдан 12 адам қаза тауып, 48 адам зардап шеккен. "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Берлиндегі теракті үшін жауапкершілікті мойнына алатыны туралы мәлімдеген. Шабуылдан кейін қашып кеткен Амриді жұма күні Италияның Милан қаласында полиция қызметкерлері атып өлтірген.