Сүңгуірлер Қара теңізге құлаған Ресейдің әскери Ту-154 ұшағының "қара жәшігін" (ұшақ кабинасындағы ақпараттарды жазып алатын құрылғы) тапты деп хабарлады ТАСС агенттігі. Құрылғыны жақын уақытта судың бетіне шығару жоспарланып отыр.
Агенттік дереккөзі теңізде қаза тапқан тағы үш адамның денелері мен түрлі заттар табылғанын айтқан. Бұған дейін "Интерфакс" агенттігі теңізден қаза тапқан 80 адамның денелері табылғанын хабарлаған. Ұшақ апат болған аймақта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
25 желтоқсанда таңертең Сочи аэродромынан Сирияға ұшып шыққан Ту-154 ұшағы әуеге көтерілген соң ұзамай апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 8 экипаж мүшесі мен 84 жолаушы болған. Жолаушылар арасында ресейлік әскери қызметкерлер, Сириядағы "Хмеймим" әуе базасындағы Ресей әуе-ғарыш күштері тобын жаңа жыл мерекесімен құттықтауға бара жатқан Александров атындағы ән-би әскери ансамблі мүшелері және ресейлік тоғыз журналист болған.
Мерт болғандардың арасында "Әділетті көмек" қорының жетекшісі, танымал дәрігер Елизавета Глинка да бар.