Ақтөбеде отбасы үшін дағдарыс орталығы ашылды

Көрнекі сурет

29 желтоқсанда облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі Азаттыққа Ақтөбеде жаңа дағдарыс орталығының ашылғанын хабарлады. 200 орындық бұл орталық отбасында зорлық-зомбылық көрген, басына түрлі іс түскен әйелдер мен балаларға алты айға дейін пана болады.

Жобаны «Ақ-Руно» компаниясы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырған. Жобаға 300 миллион теңге бөлген жергілікті меценат Асқарбек Мамырбаевтың айтуынша, тұрмыста қиындық көріп жүрген ақтөбеліктерге психолог, әлеуметтанушы, заңгер сияқты 60 қызметкер жан жақты қолдау көрсетпекші.

- Мақсат- әйелдерді психологиялық-эмоциялық сауықтыру, өзіне деген сенімділігін арттыру, - деді Асқарбек Мамырбаев.

Ресми мәліметке сәйкес жыл сайын Ақтөбеде төрт мыңға жуық әйелді күйеулері соққыға жығады. Жергілікті полицияның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Марина Нұрымжанова Ақтөбеде тәулігіне орта есеппен 4-5 әйелдің полициядан көмек сұрайтынын айтады.