Израиль соты израиль солдаты Элор Азарияға палестин азаматын абайсызда атып өлтірді деп айып тақты. Сержант Элор Азария өткен жылы наурызда Иордан өзенінің батыс жағалауында өзге бір израиль солдаты пышақталған оқиғадан соң палестиндік Абдул Фатах әл-Шарифті жерде қозғалмай жатқан кезінде басынан атып өлтірген. Оның бұл әрекеті бақылау камерасына түсіп қалған.
Әскери үш судья үкім шығарғанда қорғаушылардың Шариф өзгелерге қауіп төндіріп тұрған кезде өлтірілген деген тұжырымына ұсынған дәлелдерін қабылдамай тастады. Азария сотта палестиндіктің денесіне байлап алған жарылғыш заты болуы мүмкін деп қауіптенгенін мәлімдеді. Азарияның адвокаттары айыпқа қарсы апелляциялық шағым беретінін хабарлады. Азария бұл айып бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сот шешімі жарияланғаннан бірнеше сағатан соң Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху солдатқа рақымшылық жасауға шақырды. Нетаньяху Facebook-тегі парақшасында "Элор Азарияға рақымшылық жасауды қолдаймын" деп жазды. Ол сонымен қатар тұрғындарды армия мен оның командирлерін қолдауға шақырды. Израиль қорғаныс министрі Авигдор Либерман сот шешімімен келіспейтінін мәлімдегенімен, тұрғындарды сот шешімін құрметтеуге шақырды.
Израильде сарбазды қолдаған демонстрациялар өтіп, оны биліктің жоғары шенді өкілдері қолдап жатыр.