АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Лодердейл қаласының халықаралық әуежайы жұма күні болған қарулы шабуылдан кейін жұмысын ішінара қайта жалғастырды. Қазіргі кезде әуежайдан жүк тасымалдайтын және жеке рейстердің ұшуына рұқсат етілген.
Жұма күні Аляскадан ұшақпен келген пуэрто-риколық 26 жастағы Эстебан Сантьяго жүк алатын залда жолаушыларға оқ жаудырған. Салдарынан бес адам қаза тауып, сегіз адам жараланған.
Полиция шабуылдаушыны қолға түсірген, оқиғаның себептері анықталып жатыр. Полицияның хабарлауынша, Эстебан Сантьяго бұрын Иракта АҚШ армиясы қатарында қызмет атқарған, кейін қызметін дұрыс атқармағаны үшін армиядан босатылған. Ол қаруды жүгімен бірге алып өткен, АҚШ заңы ондайға рұқсат береді.
АҚШ-та әртүрлі себептермен қоғамдық орындарда атыс қаруымен шабуылдау оқиғалары жиі болып тұрады. 2016 жылы Орландодағы түнгі клубқа қарулы ер адамның жасаған шабуылы салдарынан 49 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған.