БЖЗҚ басшыларының апелляциялық шағымы жабық қаралады

Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).

Алматы соты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мен "АлатауМұнайАлтын" және "Бузгул Аурум" компанияларының басшыларын қамау туралы санкция шығарды деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі. Қамалғандардың апелляциялық шағымы бүгін түстен кейін жабық түрде қаралмақ.

БЖЗҚ-ның басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, БЖЗҚ-ның қауіп-қатерді басқару департаменті қаржылық қауіп-қатерлер басқармасының бастығы Мұса Бахтов "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп кетті" деген күдікке ілінген. Олардың қамалғаны туралы өткен жұмада хабарланған. Сонымен қатар Алмалы аудандық соты "АлатауМұнайАлтын" компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, "Бузгул Аурум" компаниясын құрған Бақытжан Кенжебаев пен "Бузгул Аурумның" директоры Азат Найзағаринді екі айға қамаған.

Қалалық ҰҚК өткен айда БЖЗҚ-ның "Бузгул Аурум" компаниясының облигацияларын "өзінің жеке қаржысына сатып алғаны" фактісі бойынша тексеру басталғанын хабарлаған.

2013 жылы 22 тамызда "МЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы қоры" БЖЗҚ болып қайта тіркелген. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атынан Қазақстан үкімет саналады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады.

Қазақстан заңдары бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын айлық табысының 10 пайызын БЖЗҚ-ға аударып отыруға міндетті. БЖЗҚ-да 10 миллион дербес зейнетақы есепшоты тіркелген. Өткен жылғы желтоқсан айының басындағы есеп бойынша, зейнетақы қорының активтері 6,6 триллион теңгені (19 миллиард доллардан астам) құраған.