"Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындарына ауыз су беру тоқтап тұр" деп хабарлады қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов.
Оның айтуынша, су тарту станциясында ақау пайда болып, істен шыққан. «Қазір тұрғындар бұрынғы егін суаруға арналған су мұнарасындағы суды пайдаланып отыр. Бір айдың ішінде ауыз суды толық қайта қосамыз» деді Нұрлан Бектұрсынов.
1970 жылы салынған Қайнарбұлақ саяжайына су құбырын тартуға 1 миллиард 314 миллион теңге жұмсалып, жұмыс 2015 жылдың соңында аяқталған. Одан кейін құжат шаруалары бір жылға созылып, саяжайдағы 6533 тұрғын үйге ауыз су 2016 жылдың 29 желтоқсанында ғана біртіндеп беріле бастаған.
2015 жылы қала құрамына кіріп, 2016 жылы жарық тартылған Қайнарбұлақ саяжайында 25 мыңнан аса адам тұрады. Олардың басым бөлігі – әлеуметтік жағдайы нашар көп балалы отбасылар мен пәтер жалдап тұратын азаматтар.