Картер: Ресейге қарсы жаңа санкция салынады

Эштон Картер, АҚШ қорғаныс министрі.

Эштон Картер, АҚШ қорғаныс министрі.

АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер президент Барак Обама әкімшілігі Ресейге "президент сайлауы кезінде коммуникациялық желілерге хакерлік шабуыл жасағаны" үшін жаңа жауап шараларын қабылдайтынын мәлімдеді.

"Кейбір шаралар бұған дейін қабылданды. Меніңше, мұны жауап шараларының басы ғана деп ұғу керек" деді Картер өзінің соңғы баспасөз конференциясында. Ол бұл туралы осы айдың басында Ақ үйдің Ресей арнайы қызметі мен дипломаттарына қарсы салған санкцияларына қатысты айтты.

Картер президент Барак Обаманың өкілетті мерзімі 20 қаңтарда аяқталғанға дейін оның әкімшілігі нақты қандай жауап әрекеттерін жасайтынын ашып айтпады. АҚШ билігі 29 желтоқсанда АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде "Ресей ұйымдастырды" деп сипатталған хакерлік шабуылға жауап ретінде 35 дипломатты елден қуып, жаңа экономикалық санкциялар салған. Бұған қоса Вашингтон ресейлік арнайы органдар - ГРУ мен ФСБ-нің тоғыз өкіліне қаржы және саяхат санкцияларын салған.

Өткен аптада АҚШ арнайы қызметтері арнайы есебін жариялап, АҚШ-тағы президент сайлауына хакерлік шабуылды пайдаланып ықпал ету кампаниясын бастау пәрменін Ресей президенті Владимир Путин берген деген тұжырым жасаған. Ресей ол айыпты жоққа шығарған.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сайлау кампаниясы барысында Путин туралы оң пікір білдіріп, 20 қаңтарда қызметіне кіріскен соң америка-ресей қарым-қатынасын қалпына келтіруге уәде берген.