Астанада бүгін Gimeney неке агенттігінің алдында бір топ белсенді мен қала тұрғындары "қазақ қыздарын қытайлық жігіттерге тұрмысқа беруге" қарсылығын білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Gimeney агенттігінің қазақстандық қыздарды Қытайдың қалталы, ауқатты ер азаматтарымен таныстыратыны, ақпанда Қытайдан "қалыңдық іздеген бір топ қытайлық жігіттің келеті туралы хабарлаған еді.
Агенттік алдына жиналғандар қолдарына "Шетелдік азаматтар қыздарымызға үйлену үшін мемлекетке 50 мың АҚШ доллары салық төлесін!", "Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздар азаматтықтан айырылсын!" деген сөздер жазылған плакат ұстап шықты. Наразылар агенттікті жабуды талап етті.
Жиналғандармен сөйлесуге агенттік басшысы Татьяна Логвиненко шықты. Ол хабарландыруда қытайлық жігіттерге тұрмысқа шығу туралы ұсынысында "тек қазақ қыздары емес, қазақстандық қыздар туралы" айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, агенттікке жігіт іздеп көбінесе "жасы 30-дан асқан қыздар келеді және оларға ерлер жетіспейді".
Оқиға орнына прокуратура өкілдері мен полиция барды. Алматы аудандық прокуратурасының өкілі Азамат Жанатбеков наразыларға акция өткізуге рұқсат берілмегенін ескертіп, мәселені заңды жолмен шешу қажетін айтты.