Талибтер ұрлаған шетелдіктер туралы видео жарияланды

Кабулдегі Америка университетінің екі оқытушысын ұрлап әкеткен жол, Ауғанстан (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы талибтер 2016 жылы тамыз айында ұрланған оқытушылар - америкалық Кевин Кинг пен австралиялық Тимоти Уикс түсірілген видеожазба жариялады. Кинг пен Уиксті Кабулде өздері сабақ беретін Америка университетінің маңында ұрлап әкеткен. 11 қаңтарда жарияланған видеода Уикс видеоның 1 қаңтарда түсірілгенін айтады.

Уикс видеода АҚШ-тың болашақ президенті Дональд Трампқа үндеу жасап, өздерін ұрлағандардың талабын жеткізеді. Уикс талибтер өзі мен Кингті Кабулдегі Баграм базасында және қала маңындағы түрмелерде отырған тұтқындармен алмастыруды талап етіп отырғанын айтады. "Егер оларды бізге айырбастамаса, онда бізді өлтіреді" дейді Уикс.

Қыркүйекте АҚШ билігі ұрланған оқытушыларды босату операциясын жүргізбек болған. Бірақ арнайы операция жүргізілген жерде ұрланғандар болмай шыққан.