Қазақстанда теміржол вокзалдарында жолаушыларды тексеру басталады

Алматы-2 теміржол вокзалындағы тексеру. Алматы, 18 шілде 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Қазақстанда ақпан айынан бастап теміржол вокзалдарында жолаушылар міндетті тексеруден өткізіледі. "Қазақстан теміржолы" компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру "жолаушылар қауіпсіздігі деңгейін арттырып, терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз ету" мақсатында енгізіліп жатыр. Компания жолаушыларды, олардың қол жүгі мен үлкен жүктерін тексеру кезең-кезеңімен енгізілетінін айтады.

ҚТЖ-ның магистральдық желілер дирекциясы вокзал шаруашылығы департаментінің директоры Жұбан Көрпебаевтың айтуынша, 1 ақпаннан бастап тексеру Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарында, 1 сәуірден бастап Астана вокзалында, 1 маусымнан бастап басқа да қалалардағы вокзалдарда енгізіледі. Көрпебаевтың сөзінше, қазір ондаған арнайы тексеру құрылғылары алынған. Жолаушыларға пойыздан кешікпен үшін ертерек келу ескертіліп жатыр.

Компания таратқан ақпаратта тексеру жүргізу тәртібі мен процедураның ұзақтығы жайлы айтылмаған.

Қазақстанда 16 қаңтардан бастап өткен жылы маусымда Ақтөбеде болған қарулы шабуылдардан соң жарияланған террористік қауіп-қатердің "сары" деңгейі жойылған. Билік "теракт" деп атаған Ақтөбедегі шабуылдардан соң Қазақстанның бірнеше қаласында күш құрылымдары терроризмге қарсы жаттығулар өткізіп, парламент терроризм және экстремизммен күрес мәселелері бойынша заңдарға түзетулер енгізілді.