Сириядағы ең ықпалды көтерілісшіл топтардың бірі - исламшыл "Ахрар әл-Шам" тобы Астанада 23 қаңтарда өтеді деп күтілген бейбіт келіссөзге қатыспайтынын мәлімдеді.
"Ахрар әл-Шам" 18 қаңтарда өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында келіссөзге қатыспайтынын, бірақ келіссөзге қатысатын өзге көтерілісшіл топтар қабылдайтын кез-келген шешімді "мелмекет мүддесі тұрғысынан" қолдайтынын хабарлады.
Келіссөзді Ресей, Түркия және Иран ұйымдастырып отыр. Келіссөзге Сириядағы өзге көтерілісшіл топтар мен Сирия үкіметінің өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.
Өткен жылы желтоқсанның соңында Сирияда Ресей мен Түркияның арағайындығымен бітім жарияланған. Бітім көтерілісшіл топтар мен үкімет күштері арасындағы соғысты толық тоқтатпағанымен, азайтуға септігін тигізген. Бітімнен соң Ресей президенті Владимир Путин Сирия бойынша бейбіт келіссөзді Астанада өткізуді ұсынған.
"Ахрар әл-Шам" келіссөзге Сирия армиясы Ресей авиациясы шабуылын жалғастырып отырғандықтан әрі келіссөзді қолдайтын және қарсы көтерілісшіл топтар арасында жаңа келіспеушіліктің алдын алу мақсатында бармайтынын айтады.
"Ахрар әл-Шам" Түркия мен АҚШ қолдайтын ұлтшыл сүннит көтерілісшіл топтармен және "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Жабхат Фатех әл-Шам" әскериленген тобымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Бірақ бұл топ "Жабхат Фатех әл-Шам" тобымен бірге келіссөзден шығарылған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен жақындаспайды.