АҚШ Астанадағы Сирия келіссөзіне шақыртуды зерттеп жатыр

АҚШ туы (Көрнекі сурет).

АҚШ осы айда Астанада өтеді деп жоспарланған Сирия бойынша бейбіт келіссөзге қатысу туралы шақыртуды зерттеп жатыр. АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің Reuters агенттігіне хабарлауынша, шақырту "қаралып жатыр". Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу АҚШ-ты 23 қаңтар - Ақ үйдің жаңа басшысы Дональд Трамп қызметіне кіріскеннен үш күннен соң өтетін келіссөзге қатысуға шақырғанын хабарлаған.

Астанадағы келіссөзді Сирия президенті Башар Асадтың одақтасы Ресей мен Иран және оппозицияшыл көтерілісшілерді қолдайтын Түркия ұйымдастырып жатыр. Келіссөзге осы елдер мен БҰҰ-ның да да өкілдері қатысатынын білдірді. Сириядағы ықпалды оппозицияшыл топтардың бірі - "Ахрар әл-Шам" келіссөзге делегация жібермейтінін мәлімдеді. Ал Иран келіссөзге АҚШ-тың қатысуына қарсылық білдірді.

Дональд Трамп бұған дейін Иран үкіметін және Тегеранның әлемдік державалармен жасасқан ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзді бірнеше рет сынаған.