Түркия парламенті бүгін таңертеңгі отырысында ел президенті өкілеттігін кеңейтуге бағытталған заң жобасын мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, премьер-министр қызметі қысқартылып, атқарушы билік пен мемлекет басшысы міндетін бір адам – презиент атқарады. Және кез келген уақытта сайлау тағайындау немесе төтенше жағдай жариялау құқығына ие президенттің шығарған жарлықтары автоматты түрде заң күшіне енбек.
339 депутат қолдау білдірген заң жобасына 142 депутат қарсы дауыс берген. Конституцияға өзгерту енгізу үшін кемінде 367 депутаттың қолдауы қажет болғандықтан, саяси реформа туралы ұсыныс сәуірдің басында өтетін референдумге шығарылады.
Түркия конституциясына өзгертулер енгізуге қатысты бастама қоғамда қарама-қайшы күштердің саяси күресін күшейтті. Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанды жақтайтындар саяси және экономикалық тұрақсыздық тереңдеп бара жатқан кезде билік президенттің қолында шоғырлануы қажет деп біледі. Қарсыластары болса, бұған дейін саясаткерлер, журналистер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері арасындағы оппоненттерін қуғын-сүргінге салған ісімен танылып үлгерген адамның қолына енді бүкіл билікті шоғырлау аса қауіпті деп санайды.