Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының судьясы Жасұлан Сәлиев Oil Construction Company (ОСС) мекемесінің аштық жариялаған 27 мұнайшысына байланысты үкім шығарды.
Ол Маңғыстау аудандық сотының Ақтаудағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен көшпелі отырысында "сотталушылардың аштық жариялағандарын заңсыз деп тану, оларға тамақтан бас тарту түріндегі заңсыз және санкцияланбаған басқа наразылық акцияларын өткізуге тыйым салу, оны дереу орындауға міндеттеу туралы" шешім шығарды. Судья Жасұлан Сәлиев сотқа тартылған жұмысшыларды ОСС компаниясының вахталық әдіс туралы ережесін, еңбекті қорғау жөніндегі талаптарын орындауға міндеттеді.
- Жауапкерлерден ОСС пайдасына 3 миллион 354 мың 594 теңге өндірілсін, - деді судья Жасұлан Сәлиев.
Судья бұл ақшаны сотқа қатысушылардың бөліп төлеуін міндеттеді.
Аштық жариялаған мұнайшылар сот процесіне наразылық танытып, оны тоқтатуды, талап арызбен танысуларына уақыт беруді, құқықтарын қорғайтын адвокат алуға мүмкіндік беруді сұраған. Азаматтық сотқа адвокаттың керек емес екенін айтқан судья іспен танысуға 15 минутқа үзіліс жариялаған. Бұл уақыт аз екенін айтқан мұнайшылар судьяны кері қайтару жөнінде қарсылық білдіріп, жазбаша арыз түсірді. Судья арыздарын қанағаттандырмаған соң сотталушы жұмысшылар жарыссөзден де бас тартқан.
- Біз адвокатсыз өз құқымызды қорғай алмадық. Талаппен де таныса алмадық. Олай болса несіне сөйлейміз. Шешімді алған соң апелляцияға арызданамыз, - дейді жұмысшы Жамбыл Байбоз.
Сот отырысы барысында жұмысшылардың бірі Асқар Мойнақовтың 14 қаңтардан бері отбасылық жағдайына байланысты ақысыз еңбек дамалысында екені, ал Мұрат Бекешовтің мүлде акцияға қатыспағаны белгілі болды. Бұл туралы ОСС заңгері Нұржан Оразов та растады. Бірақ бұл қомақты мөлшердегі "шығын"көлеміне әсер еткен жоқ.
Сотқа тартылғандардың бесеуі - Құспан Қосшағұлов, Валерий Пахомов, Қайрат Ерекешов, Құсайын Жылқышиев және Молдағали Иманғалиев "аштық акциясын заңсыз" деп тану туралы жауапкершілкке бұған дейін де қаңтардың 19-ында Ақтау қалалық соты да шешімімен тартылған еді. Олар қаңтардың 20-сы күні Маңғыстау әкімшілік сотында тағы да жауапқа тартылып, "сот шешімін орындамағаны үшін" Құспан Қосшағұлов 50 айлық көрсеткіш (бір АЕК - 2121 теңге), ал қалғандары 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс болған.
Сот процесі аяқталғанда Қаламқас кеніші орналасқан Маңғыстау ауданындағы сотқа тағы да 14 мұнайшының жеткізілгені белгілі болды. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Райымбек Мұстафин Маңғыстау ауданы орталығы Шетпе ауылында судья Жасұлан Сәлиевтің келуін күтіп тұрғандарын, кімнің талап арыз жазғанын, не үшін сотталмақ екендіктерін білмейтіндіктерін айтты.
Маңғыстаулық мұнайшыларға қолдау білдіру үшін бұл өңірге Алматыдан, Атыраудан, Астана мен Көкшетаудан бір топ азаматтық белсенді келген.
Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен мұнайшылардың аштық акциясы қаңтардың 5-і күні Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподақ ұйымы кеңсесінде басталған. Жұмыс беруші мәліметінше, аштық үш жерде өтіп, Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде 292 адам, ал Қаламқас кенішінде 270 адам, Жетібай кенішінде 100-ге тарта адам аштық жариялаған.
Қаңтардың 22-сі күні Ақтау қаласындағы ОСС кеңсесіне келген қала прокуроры Марат Тойжан олардың тарауын талап етіп, мұнайшылар әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған. Мұнайшылар аштығы сол күні кешке қарай толық тоқтаған.
ОСС кәсіподақ ұйымы төрағасы Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев Астана сотының шешімімен наурыздың 20-сына дейін қамауға алынған.