АҚШ президенті Дональд Трамп екі мұнай құбыры - Keystone XL және Dakota Access жобаларының құрылысын жалғастыру шараларын қабылдады. Бұл құбыр жобаларын экс-президент Барак Обама әкімшілігі қоршаған ортаға қауіп төнуі мүмкін деген себеппен тоқтатып тастаған еді. Трамп құбыр жобаларын іске асыру туралы жарлыққа 24 қаңтарда қол қойды.
Обама 2015 жылдың соңында Keystone жобасы АҚШ-тың климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдар халықаралық келісімге қол қоюына кедергі келтіруі мүмкін деп мұнай құбырын салуды тоқтатып тастаған.
2016 жылдың соңында АҚШ-тың инженерлік әскерилері Dakota Access мұнай құбырын салуға рұқсат беруден бас тартып, басқа маршрут іздеу қажетін мәлімдеген. Стэндинг-Рок үндістер резервациясының тұрғындары мен олардың жақтастары бұл жоба ауыз су көздері мен жергілікті байырғы тұрғындарға қауіп төндіреді деп мәлімдейді.
24 қаңтарда Ақ үйде сөйлеген Дональд Трамп "Осы сәттен бастап біз АҚШ-та мұнай құбырын сала бастаймыз" деп мәлімдеді.