28-ші қысқы универсиада алауы эстафетасы Алматыда қаңтардың 29-ы күні әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ғимараты алдында ұйымдастырылған арнайы шарамен басталды. Алауды тұтату рәсіміне студенттер, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, қазақстандық танымал спортшылар мен өнерпаздар қатысты.
Байбек салтанатты рәсімді сөз сөйлеп ашқаннан кейін әл-Фараби атындағы университеттің үздік студенті ортадағы биік мінберде тұтанған оттан алау алып, әкімге тапсырды. Алматы әкімі бастаған жастар мен спортшылар алауды университет ғимаратынан алып шығып, қала көшелерін эстафетамен аралауға кетті.
Your browser doesn’t support HTML5
Универсиада алауы өтетін көшелердегі көлік қозғалысын жол полициясы тоқтатып тұрды. Ұйымдастырушылар эстафета өтетіні туралы бір күн бұрын тұрғындарға СМС-хабарлама таратқан.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университет алаңынан тұтанған алау түстен кейін Алматы шетіндегі «Алматы арена» спорт сарайына жеткізіледі. Аталған спорт сарайында жексенбі күні кешке 28-ші қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Алматыдағы Универсиада ойындары ақпанның 8-іне дейін жалғасады.
Алматыдағы универсиада алауын жағу рәсімінен фотогалерея: