АҚШ президенті Дональд Трамп мұсылмандар басым тұратын жеті ел азаматтарының елге келуіне уақытша тыйым салу туралы жарлығын дұрыс деп санайды. Трамп АҚШ алдағы үш айда иммиграциялық бақылау шаралары орнатылған соң жеті ел азаматтарына қайтадан виза бере бастайтынын мәлімдеді. Трамп мәлімдемені жаңа ережеге елдің бірнеше қаласы мен басқа да елдерде наразылық шаралары басталған соң жасап отыр. Наразыларды бірқатар америкалық конгресмендер де қолдайды.
"АҚШ иммигранттары басым ел саналады және қысымшылықтан бас сауғалағандарға біздің әлі де жанымыз ашиды. Бірақ біз өзіміздің азаматтарымыз бен шекарамызды да қорғаймыз. Америка қашан да азат әрі батыл адамдардың отаны болған" деді Трамп мәлімдемесінде.
Трамптың сөзінше, енгізілген шаралар "БАҚ-та түсінідіріліп жатқандай, мұсылмандарға тыйым салу емес". Президент сонымен қатар шаралардың дінге қатысы жоқ және ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Трамп тыйымның 40-тан астам мұсылман еліне енгізілмегенін де айтты.
Ақ үй аппаратының басшысы Райнс Прибус иммиграциялық шектеулерді қорғап, 28 қаңтарда мыңдаған адам демонстрацияға шыққан АҚШ әуежайларында "бей-берекетсіздік" орнағаны туралы айтылғандарды жоққа шығарды.