Румыниядағы наразылық шерулері
Тұрғындар наразылығына қаңтардың басында жаңадан тағайындалған премьер-министр Сорин Гриндяну үкіметінің елдегі адамға толы түрмелерден кей санаттағы тұтқындарды босату мақсатында заңдағы кейбір коорупциялық қылмыс түрлері үшін белгіленген жазалау шараларын өзгерту туралы бастамасы себеп болды.
Үкімет бұған дейін сот үкімімен жазаға тартылған, соның ішінде коррупциялық сипаттағы және қызмет өкілетін асыра пайдалану әрекеттері үшін сотталғандарға рақымшылық жариялауды, сонымен бірге қылмыстық кодекстегі кейбір баптарға өзгерістер енгізіп, ондағы "мүдделер қақтығысы" және "өкілеттігін асыру" ұғымдарын қайта қарауды ұсынған.
Жаңа бастамамен келіспейтіндер бұған дейін коррупциялық істері үшін сотталған қазіргі билік партиясының жақтастары осыны пайдаланып жазадан құтылуы мүмкін деп мәлімдеп, үкіметтің ұсынысына қарсылық білдірген.
Ақпанның 1-і түнде үкімет даулы екі жобаны қабылдау туралы қаулы қабылдады. Арада бірнеше сағат өткенде үкімет үйі алдында бірнеше мың адам жиналды. Наразылар қаулының күшін жоюды, үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен.
Шеруге қатысушы ұстаған плакаттағы жазу: "Ұрладың ба? Түрмеге барасың!"
Наразылық шеруіне шыққандар: "Ұрылар!" деп айғайлап, Сорин Гриндянудің үкіметін отставкаға жіберуді және елде кезектен тыс сайлау өткізуді талап етті.
Румыниядағы наразылық шерулері қаңтардың 18-інде өткен үкімет отырысынан соң даулы заң жобалары жарияланғаннан кейін басталған. Әлеуметтік желілер арқылы ұйымдасқан наразылар қарсылық акциясына шыққан.
Румыниялық баспасөз құралдарының хабарлауынша, Бухарест пен елдің көптеген қалаларында өткен қарсылық шерулеріне ондаған мың адам қатысқан.
Бухаресте демонстранттар шеруі қала орталығынан басталған. Олар әділет министрлігі, үкімет ғимараттары мен адам құқығы жөніндегі уәкіл кеңсесі жанында тоқтап, наразылықтарын білдірген.
Үкіметке қарсылық шеруіне қатысушылар.