Ақ үй: Трамп НАТО елдері басшыларының саммитіне қатысады

Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп мамыр айының соңында Еуропа елдерінің бірінде болатын НАТО елдері басшыларының саммитіне қатысады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі Дональд Трамп НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен телефонмен сөйлескен соң хабарлады.

Трамп сайлауалды кампаниясында бірнеше рет НАТО-ны "күшін жойған ескірген ұйым" деп атап, АҚШ-тың бұл ұйымдағы одақтастарын "өздерінің қаржылық міндеттерін орындамай отыр" деп айыптаған. Қазір АҚШ-тың НАТО бюджетіндегі үлесі 70 пайызды құрайды.

Трамп пен Столтенберг "НАТО-дағы одақтас елдерді альянстың қорғаныс шығындарына қатысты міндеттерін орындатуға қалай ынталандыру" жайын талқылаған. АҚШ президенті НАТО бас хатшысын Вашингтонның Солтүстік атлантикалық альянсты "белсенді қолдайтынына" сендірген.

Трамп пен Столтенберг әңгіме кезінде Украина мен Ресей шекарасындағы қақтығысты бейбіт реттеу мүмкіндіктерін де талқылаған. Украина шығысындағы жағдай қаңтардың соңынан бастап қайта шиеленіскен. Киев пен ресейшіл сепаратистер бірінші болып оқ атты деп бір-бірін айыптап жатыр.