АҚШ сенаты бұрынғы сенатор Джефф Сешнсті әділет министрі етіп бекітті. Сешнс бұл қызметпен қатар елдің бас прокуроры қызметін де атқарады.
Джефф Сешнстің кандидатурасын 52 сенатор қолдап, 47-сі қарсы дауыс берді. Консервативті кандидатты түгел қолдаған республикашылдарға тек бір демократ қосылды. Сешнстің кандидатурасын талқылау өте қызу болды. Оған қарсылар оны нәсілшілдік көзқарасты ұстанады деп айыптамақ болды. Бірақ Сешнс оны "жалған" деп атады. Демократ сенатор Элизабет Уоррен талқылау кезінде Мартин Лютер Кингтің жесірі Коретта Скотт Кингтің 30 жыл бұрынғы Сешнсті ол Алабамада федералдық прокурор болып тұрғанында афроамерикалық сайлаушыларға доқ көрсетпек болды деп айыптаған мәлімдемесін оқымақ болған. Бірақ процедуралық айла-тәсілді қолданған республикашылдар Уорренге мүмкіндік бермеді. Сешнсті жақтайтындар елдегі афроамерикалықтар құқығын қорғайтын ұйымы - NAACP 30 жыл бұрын Сешнсті сынап, ал 2009 жылы оныазшылық топтар құқығын қорғағаны үшін арнайы марапаттағанын айтты.
Қаңтарда өткен тыңдауда Сешнс өзінің жеке қандай көзқарас ұстанатынына қарамастан қолданыстағы заңнамалардың мүлтіксіз орындалуына қызмет ететінін мәлімдеген.
Джефф Сешнс әділет министрі ретінде президент Дональд Трамптың құқықтық мәселелер бойынша басты кеңесшісі болады. Ол сонымен қатар Трамптың миграцияны шектейтін жарлығын сотта қорғайтын адвокаттарын басқарады. Трамптың жарлығын федералдық судья тоқтатқан, қазір ол шешімнің күшін жою-жоймау мәселесін апелляциялық сот қарап жатыр.